Pular para o conteúdo
Publicidade

Arca da aliança

Por Bíblia Online

A Arca da Aliança era o símbolo mais sagrado de Israel — representava a presença de Deus no meio do seu povo. Sobre ela brilhava a glória do Senhor entre os querubins.

Шатырдың жиһаздарын жасауға тапсырма: Келісім сандығы

Аққараған ағашынан сандық жасат. Ұзындығы екі жарым, ал ені мен биіктігі бір жарым шынтақтан болсын. Іші-сырты саф алтынмен қапталып, жоғарғы ернеуі айналдыра алтынмен әшекейленіп жиектелсін. Сандық үшін төрт алтын шығыршық құйғызып, төменгі төрт бұрышына, екеуін бір жақ бүйіріне, қалған екеуін қарама-қарсы бүйіріне бекіттір. Мұнан кейін аққарағаннан сырықтар жасатып, алтынмен қаптат. Сандықты көтеріп алып жүру үшін сырықтар оның екі бүйіріндегі шығыршықтардан өткізілсін. Сырықтар әрдайым шығыршықтарға кигізулі тұрсын, оларды алып тастауға болмайды.

Мен өзіңе беретін Келісім жайлы айғақтарды осы сандықтың ішіне салып қой.

Сандықтың қақпағын да саф алтыннан жасат. Ұзындығы екі жарым, ені бір жарым шынтақ болсын. Қақпақтың екі жақ шетіне керуб деген күзетші періштелердің екі мүсінін алтыннан балғамен соғып жасатып, орнатқыз. Олар қақпақпен бірге біртұтас алтыннан жасалсын. Керуб мүсіндері қанаттарын жоғары жайып, қақпақты көлегейлеп, беттері бір-біріне қарама-қарсы, қақпаққа қарап тұрулары керек. Мен өзіңе беретін Келісім жайлы айғақтарды сандыққа сал да, үстін қақпақпен жауып қой.

Сол жерден, Келісім сандығы қақпағының үстіндегі екі керуб мүсіндерінің ортасынан Мен саған тіл қатып, Исраилдің үрім-бұтағына сен арқылы бұйыратын ережелерімнің бәрін тапсырамын.

Келісім сандығы

Содан кейін Беселиел аққараған ағашынан Келісім сандығын жасатты. Ұзындығы екі жарым, ал ені мен биіктігі бір жарым шынтақтан болды.

Киелі шатырды құру

Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: «Менімен кездесуге арналған тұрағым — киелі шатырды бірінші айдың бірінші күні құрғыз. Келісімнің айғақтары сақталатын сандықты шатырдың ішіне қойғызып, шымылдықпен көзден тасалат.

Мұса Келісімнің айғақтарын: екі тас тақташаны алып келіп, Келісім сандығының ішіне салды да, сандықтың шығыршықтарынан сырықтарды өткіздіріп, оның үстіне қақпақты қойғызды. Содан кейін Келісім сандығын киелі шатырдың ішіне апарғызып, оның алдына арнаулы шымылдықты ілгізіп, Жаратқан Ие бұйырғандай сонымен Келісім сандығын көзден тасалатып қойды.

Мұса Жаратқан Иемен тілдесу үшін кездесу шатырына барып, ішіне кіретін. Сонда ол Келісім сандығының қақпағының үстіңгі жағында орналасқан екі керуб мүсінінің арасынан өзіне арналған дауысты еститін. Осылай Жаратқан Ие Мұсаға сөзін арнайтын.

Сонымен исраилдіктер Жаратқан Иенің тауынан шығып, үш күндік жол жүрді. Сол үш күн бойы Келісім сандығы оларға тынығып демалатын орын табу үшін алдарында жүріп отырды. Күндіз қоныстан көшкенде Жаратқан Иенің бұлты олардың үстінде болды. Келісім сандығы көшпен бірге жолға шыққан сайын Мұса былай деп сиынатын:

— Уа, Ием, көтерілші, жауларың шашырасын,

Өзіңді жек көретіндер алдыңнан қашсын!

Келісім сандығын көтеріп алып жүргендер тоқтап тыныққан сайын Мұса былай деп өтінетін:

— Уа, Жаратқан Ием, тұрақтай гөр қайта

Исраилдің сан мыңдағандарына!

Һаронның таяғының бүр жарғаны

Мұнан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: «Исраилдіктерге он екі рудың он екі рубасының таяқтарын берсін деп бұйыр да, өзің соларды қабылдап ал. Әрбір рубасының есімін оның берген таяғына жазып қой. Леуі руының таяғына Һаронның есімін жаз, өйткені әрбір рудың бір басшысының таяғы болу керек.Таяқтарды кездесу шатырында Өзім сендермен кездесетін орын — Келісімнің айғақтары (сақталған сандықтың) алдына қой. Мен кімді (діни қызметкер болуға) таңдап алған болсам, соның таяғы бүр жарады. Осылайша Мен исраилдіктердің өздеріңе қарсы күңкілдеп білдірген наразылықтарын доғартамын».

Мұса исраилдіктерге бұйырып, әрбір рубасы өз руының атынан бір таяқтан берді. Һаронның таяғы да солардың таяқтарының арасында болды. Мұса таяқтардың барлығын алып, оларды Келісімнің айғақтары сақталған киелі шатырда Жаратқан Иенің алдына қойды. Келесі күні Мұса киелі шатырға келіп қараса, Леуі руы үшін берілген Һаронның таяғы бүр жарып қана қоймай, гүлдеп, бадам жаңғақтарын да беріпті! Мұса таяқтардың барлығын Жаратқан Иенің алдынан алып шықты да, оларды бүкіл Исраил халқына көрсетті. Халық таяқтарды қарап, әр рубасы өз таяғын қайтарып алды.

Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деді: «Һаронның таяғын бағынбайтын қиқарларға ескертпе болу үшін Келісімнің айғақтары алдына қайтадан сақтап қой. Осылайша өздерінің Маған күңкілдеп наразылық білдірулерін доғарсын. Әйтпесе олар өлім құшады». Мұса мұны дәл Жаратқан Иенің айтқанындай істеді.

Сонымен халық қостарын жинады. Олар Иордан өзенінің арғы жағына өтейін деп жатқанда, Келісім сандығын көтерген діни қызметкерлер халықтың алдында жүрді. Бұл (көктемдегі) егін ору науқаны болып, Иордан өзені арнасынан шығып тасып жатқан мерзім еді. Ал Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлер Иорданның жағасына жетіп, суға аяқтарын малған кезде, жоғарғы жақтан ағып келе жатқан су бөгеліп, алыста, Сартанның маңайындағы Адам қаласының жанында, бір жерге үйілгендей жиылып тұра қалды. Содан өзеннің төменгі алқаптағы Өлі теңізге қарай ағып жатқан суы сарқылып қалды. Осылайша халық Иерихонның қарама-қарсы тұсынан Иордан өзенінен өте шықты.Бүкіл Исраил халқы өзеннің құрғап қалған арнасымен арғы жаққа өтіп болғанша, Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлер Иордан өзенінің ортасындағы құрғақ жерде қозғалмастан тұра берді.

Міне, ғажап, Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлер Иорданның ортасынан шығып, аяқтары қара жерге тиісімен, өзеннің суы өз орнына қайта келіп, бұрынғыдай арнасынан шығып тасып аға жөнелді.

Иерихонға шабуыл жасауға дайындық

Жаратқан Ие Ешуаға былай деп нұсқау берді: «Біліп қой, Мен Иерихонды патшасымен, батыл да мықты жауынгерлерімен бірге сенің қолыңа тапсырып отырмын. Күллі жасақшыларың күніне бір рет қаланы айналып шықсын. Алты күн бойы осылай істеңдер. Келісім сандығының алдында бір-бір керней ұстаған жеті діни қызметкер жүретін болсын. Ал жетінші күні жеті рет қаланы айналып шығыңдар, әрі діни қызметкерлер кернейлерін тартып жүрсін. Сонда діни қызметкерлер кернейлерді бір рет ұзақ тартқанда бүкіл халық ұрандап қатты айқай салсын. Сол кезде қаланың қамал қабырғасы іргесіне дейін құлап түседі. Сонда халықтың әрбір ер адамы қалаға көтеріліп, тура лап берсін».

Содан Нұн ұлы Ешуа діни қызметкерлерді шақырып алып, оларға мына нұсқауды берді: «Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп алыңдар. Жетеуің оның алдында жеті керней алып жүріңдер». Халыққа ол: «Дайындалып, қала сыртын айналдыра жүріңдер! Қару-жарақтанған адамдарың Келісім сандығының алдында жүрсін», — деді.

Ешуа халыққа бұйрық беріп болған соң, кернейі бар жеті діни қызметкер Жаратқан Иенің алдында соларын тартып, алға шықты. Жаратқан Иенің Келісім сандығы оларға ілесіп жүріп отырды.

Олар қаланы Жаратқан Иеге бағыштап, ондағылардың бәрін, әйел не еркек болсын, жас не кәрі болсын, күллі мүйізді ірі қара мен ұсақ малдарды және есектерді семсердің жүзімен қырып салды.

Жау жасағын сапқа тұрғызып, шабуылға шықты. Кескілескен шайқаста исраилдіктер жеңіліп, төрт мыңдай адамы ұрыс даласында қаза тапты. Қалғандары жасақтың қосына оралғанда, Исраилдің рубасылары ақылдасып: «Жаратқан Ие бүгін неліктен філістірлердің бізді талқандап жеңулеріне жол берді? Жаратқан Иенің Келісім сандығын Шилодан осында алдыртайық. Сонда ол ортамызда болып, бізді жау қолынан құтқарып алады», — деп ұйғарды. Сонымен Шилоға бірнеше адам жіберіп, олар Әлемнің Иесінің Келісім сандығын алып келді. Оның жер бетіндегі «тағы» сандық қақпағындағы керуб мүсіндерінің үстінде болды. Елидің ұлдары Опни мен Пінехес те сол жерге Құдайдың Келісім сандығымен бірге келген еді.

Жаратқан Иенің Келісім сандығы жасақтың қосына жеткізілген кезде исраилдіктердің қуана салған айқайынан жер жаңғырықты. Айқай-шуды естіген філістірлер: «Исраилдіктердің қосындағы бұл не деген қатты айқай-шу?» — деп таңғалысты.

Олар қарсыластарының қосына Жаратқан Иенің сандығы әкелінді деген хабарды біліп алғаннан кейін үрейлері ұшып: «Олардың араларына Құдай келіпті! — десті. — Енді қасіретке қалармыз! Бұрын-соңды мұндай нәрсе болып көрген емес! Сорладық! Осы құдіретті тәңірлерден бізді кім құтқара алады? Олар иен далада әр түрлі апаттар жіберіп, мысырлықтарды құртқан еді ғой! Кәне, філістірлер, нығайыңдар! Батыл да ержүрек болыңдар! Әйтпесе исраилдіктердің сендерге құл болып келгеніндей, енді сендер олардың құлдары боласыңдар. Ендеше нағыз батырларша жан аямай соғысыңдар!» — деп сарбаздарын жігерлендірді.

Содан філістірлер жан сала шайқасып, исраилдіктер ойсырай жеңілді. Барлығы бытырап, әркім өз үйіне қашып кетті. Қырғынның зор болғаны сонша, отыз мың исраилдік жаяу жасақтың мәйіттері ұрыс даласында қалды. Бұған қоса Құдайдың сандығы жаудың қолына түсті, әрі Елидің екі ұлы Опни мен Пінехес қаза тапты.

Сол кезде Жаратқан Иенің құдіретті қолы Азот пен оның айналасындағыларды қатты жазалап, кесел жіберіп, денелеріне шиқанды ісіктер қаптатып азаптады. Мұны көрген Азот халқы: «Исраилдің Тәңірінің сандығы бұл жерде қалмауға тиіс! Өйткені олардың Тәңірі бізді де, өз тәңіріміз Дагонды да қатты жазалап отыр», — деді. Сонымен олар хабаршыларын жіберіп, філістірлердің барлық әміршілерін шақырып алдыртты. Олардан:

— Исраилдің Құдайының сандығымен не істейміз? — деп сұрады. Әміршілер:

— Исраилдің Құдайының сандығын Ғатқа жөнелту керек, — деп шешті де, оны сол жаққа апарғызды.

Бірақ Келісім сандығы Ғат қаласына келгенде, Жаратқан Иенің құдіретті қолы оны да қатты жазалап, абыржытты. Жас демей, кәрі демей, Жаратқан Ие қаланың тұрғындарының бәріне бірдей індет таратты. Содан оларға жаппай шиқанды ісіктер шыға бастады.

Сонда олар Құдайдың сандығын Әкронға жіберді, бірақ ол сол қалаға жете салысымен тұрғындары: «Бұлар Исраилдің Құдайының сандығын өзімізді де, бүкіл халқымызды да қыру үшін әкеліп отыр!» — деп айқай-шу шығарды. Олар кісілерін жұмсап, філістірлердің барлық әміршілерін шақыртып алып: «Өзіміздің де, халқымыздың да құрып кетпеуі үшін Исраилдің Құдайының сандығын осы жерден өз мекеніне қарай жіберіңіздер!» — деп өтінді. Ажал бүкіл қала халқын қатты үрейлендірді, себебі Құдайдың құдіретті қолы оларды қатты жазалап жатты.

Келісім сандығының Исраил еліне қайтарылуы

Осылай Жаратқан Иенің Келісім сандығы жеті ай бойы філістір жерінде болғаннан кейін філістірлер абыз-көріпкелдерін шақырып, оларға:

— Жаратқан Иенің сандығымен не істеуіміз керек? Оны өз орнына қалай қайтаруға болатынын айтыңдаршы? — деген сауал қойды. Әлгілердің жауабы мынау болды:

— Исраилдің Құдайының сандығын қайтарамыз десеңдер, оны құр жібермей, айыптарыңды өтейтін сый-тартумен қоса қайтаруларың керек. Сонда ауруларыңнан айығып, Жаратқан Иенің құдіретті қолының өздеріңді неліктен жазалап келгенін ұғарсыңдар. —

Філістірлер айтылғанның бәрін істеді. Олар таяуда бұзаулаған екі қашарды арбаға жегіп, бұзауларын ажыратып алып, қамап тастады. Арбаның үстіне Жаратқан Иенің сандығын орналастырып, жанына ісіктер мен тышқандардың алтын мүсіндері салынған сандықшаны қойды. Сонда сиырлар тура Бет-Шәмішке апаратын жолға түсіп алды. Олар не оңға, не солға бұрылмастан, үздіксіз мөңіреумен даңғыл жолмен өрлеп жүріп отырды. Філістір әміршілері олардың соңынан Бет-Шәміштің шетіне дейін еріп барды.

Бұл қаланың халқы сол кезде егін алқабынан бидай жинап жатты. Олар бастарын көтергенде Келісім сандығын көріп, соған шат-шадыман қуанды. Арба бет-шәміштік Ешуаның егістігіне жетіп, сол жердегі дәу тастың жанына тоқтады. Леуіліктер Құдайдың Келісім сандығын және алтын бұйымдар салынған сандықшаны арбадан түсіріп, дәу тастың үстіне қойды. Арбаның ағашын отынға жарып, қашарларды құрбандыққа шалды да, Жаратқан Иеге арнап өртеп жіберді. Содан кейін Бет-Шәміштің тұрғындары тағы бірқатар малды құрбандыққа шалып, бірнешеуін Жаратқан Иеге ұсынып өртеп жіберді.

Сонда Кирият-Иғарымның адамдары келіп, Жаратқан Иенің Келісім сандығын өздеріне алып кетті. Оны Абинадап есімді кісінің төбе басындағы үйіне апарып қойды. Оның ұлы Елазарды Жаратқан Иенің қызметіне бағыштап, Келісім сандығының күзетшісі етіп тағайындады.

Халықтың Құдайға қайтуы

Келісім сандығы Кирият-Иғарымда ұзақ уақытқа, тіпті жиырма жылға қалды. Бүкіл Исраил халқы қайғырып, Жаратқан Иеге бет бұра бастады.

Сонда Дәуіт патшаға: «Құдайдың сандығының арқасында Жаратқан Ие Ғабит-Едом мен оның барлық иелігіне ақ батасын қондырды!» — деген хабар жетті. Содан Дәуіт барып, Құдайдың сандығын салтанатпен қуана-қуана өзінің шаһарына алып келді.

Жаратқан Иенің Келісім сандығын алып жүрушілер алты қадам жасаған сайын, Дәуіт бір жас бұқа мен бір семіз тоқтыны құрбандыққа шалғызып отырды. Ақ бәтестен тігілген көйлек киіп алған өзі Жаратқан Иенің алдында жан сала би билеп жүрді. Осылайша Дәуіт пен бүкіл Исраил халқы қуанышпен айқай сала, кернейлетіп Жаратқан Иенің сандығын Иерусалимге алып келе жатты.

Киелі үйдің Құдайдың нұрлы салтанатына кенелуі

Сүлеймен патша Жаратқан Иенің Келісім сандығын Сион төбесіндегі Дәуіттің шаһарынан киелі үйге көшіруге арналған салтанатқа қатысуға Исраил халқының ақсақалдарын, барлық рубасылары мен әулет басшыларын Иерусалимге шақырды. Содан бүкіл Исраил халқының өкілдері қазан айындағы Күркелер мейрамы кезінде Сүлеймен патшаның қасына жиналды.

Елдің барлық ақсақалдары жиналғаннан кейін діни қызметкерлер Жаратқан Иенің Келісім сандығын тұрған орнынан көтеріп алып кетті. Олар Жаратқан Иенің сандығымен бірге кездесу шатырын және соның ішіндегі барлық киелі жиһаз-жабдықтарды да көтеріп алып, жаңа ғибадатханаға қарай өрлеп бара жатты. Бұларды діни қызметкерлер мен өзге леуіліктер алып жүрді. Сүлеймен патша мен қасына жиналған күллі исраилдіктер Келісім сандығының алдында ешкім санап шыға алмайтындай көптеген қой-ешкі мен мүйізді ірі қара малдарды құрбандыққа шалып ұсынды.

Осылайша діни қызметкерлер Жаратқан Иенің Келісім сандығын киелі үйдің ең қасиетті бөлмесіндегі өз орнына — екі керуб мүсінінің қанаттарының астына алып барып, орналастырды. Екі керуб мүсіні Келісім сандығы тұратын орынның үстінен қанаттарын жайып, Келісім сандығының өзін және оны көтеріп алып жүретін сырықтарын жауып тұрды. Сырықтардың ұзын болғаны сонша, олардың ұштары ең қасиетті бөлменің алдынан көрініп тұратын еді. Алайда киелі үйдің сыртынан оларды ешкім көре алмайтын. Сырықтар әлі күнге дейін сонда. Сандықтың ішінде Мұса пайғамбар Хориб тауында салған екі тас тақташа ғана болды. Жаратқан Ие сол жерде Мысырдан көшіп шыққан исраилдіктермен Келісім жасаған еді.

Діни қызметкерлер Жаратқан Иенің киелі үйінен шыққан кезде киелі үй бір қалың бұлтқа кенелді. Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты осылайша Жаратқан Иенің киелі үйін кенелтіп жібергендіктен, діни қызметкерлер оның ішіндегі қызметтерін жалғастыра алмай қалды.

«Қайтыңдар Маған, уа, тұрақсыз балаларым! — дейді Жаратқан Ие. — Өйткені Мен сендердің қожайындарыңмын. Әр қаладан біреуден, әр рудан екеуден таңдап алып, сендерді Сионға әкелемін. Сонда Мен сендерге өздеріңді біліммен және түсінікпен жетелеп жүретін, көңілімнен шыққан бағушыларды беремін».

Жаратқан Ие тағы мына уәдені береді: «Сендер өсіп-өніп, елдегі сандарың көбейген күндер келгенде, адамдар Жаратқан Иенің Келісім сандығы туралы айтпайтын болады. Олар тіпті ол жайында енді ойламайды да, оны естеріне алып, аңсамайды да, не басқа бір Келісім сандығы жасалмайды да.

Көне және Жаңа Келісімдерге сай жасалған құрбандықтар

Бұрынғы Келісімге сай Құдайға құлшылық ету үшін арнайы ережелер және жер бетіндегі қасиетті ғибадат орны болды.Киелі шатыр тігіліп, оның «қасиетті бөлме» деп аталған алдыңғы бөлімінде шам қойғыш, үстел және соның үстінде сый-тарту ретінде ұсынылған нан тұратын.Ал шатыр ішіндегі шымылдықтың арт жағында «ең қасиетті бөлме» деп аталған киелі орын болатын.Сол жерде алтын жалатқан түтету үстелі және жан-жағынан алтынмен қапталған Келісім сандығы орналасқан еді. Сол үстелдің үстінде Құдайға арнап хош иісті заттар өртеліп түтетілетін.

Сандықтың ішінде Келісімнің куәліктері: манна деген керемет тағам салынған алтын құмыра, Һаронның бүр жарған таяғы және он өсиет жазылған екі тас тақташа сақталатын.Құдайдың салтанатты ұлылығы қонатын сол сандықтың үстінде керуб атты екі періштенің мүсіндері тұратын. Олардың жайылған қанаттары сандық қақпағын жауып тұрды. Сол қақпаққа халықтың күнәсінің құнын өтеу үшін жыл сайын шалынған құрбандықтың қаны бүркілетін. Алайда мұны қазір егжей-тегжейлі айтып жатудың қажеті жоқ.

Сонда Құдайдың көктегі киелі үйі ашылып, ондағы Келісім сандығы көрінді. Найзағайлар жарқылдап, қатты дауыстар мен күн күркірі естіліп, жер сілкініп, бұршақ қатты жауды.

Seja o primeiro

Este artigo te tocou? Faça uma oração!

+581 estão orando agora.

Junte-se à corrente de oração.