Киелі үйдің Құдайдың нұрлы салтанатына кенелуі
1 Сүлеймен патша Жаратқан Иенің Келісім сандығын Сион төбесіндегі Дәуіттің шаһарынан киелі үйге көшіруге арналған салтанатқа қатысуға Исраил халқының ақсақалдарын, барлық рубасылары мен әулет басшыларын Иерусалимге шақырды. 2 Содан бүкіл Исраил халқының өкілдері қазан айындағы Күркелер мейрамы кезінде8:2 Сол заманғы діни күнтізбе бойынша етаним атты жетінші айда. Сүлеймен патшаның қасына жиналды.
3 Елдің барлық ақсақалдары жиналғаннан кейін діни қызметкерлер Жаратқан Иенің Келісім сандығын тұрған орнынан көтеріп алып кетті. 4 Олар Жаратқан Иенің сандығымен бірге кездесу шатырын8:4 3:4; Пат2 6:17; Шеж2 1:3. және соның ішіндегі барлық киелі жиһаз-жабдықтарды да көтеріп алып, жаңа ғибадатханаға қарай өрлеп бара жатты. Бұларды діни қызметкерлер мен өзге леуіліктер алып жүрді. 5 Сүлеймен патша мен қасына жиналған күллі исраилдіктер Келісім сандығының алдында ешкім санап шыға алмайтындай көптеген қой-ешкі мен мүйізді ірі қара малдарды құрбандыққа шалып ұсынды.
6 Осылайша діни қызметкерлер Жаратқан Иенің Келісім сандығын киелі үйдің ең қасиетті бөлмесіндегі өз орнына — екі керуб мүсінінің қанаттарының астына алып барып, орналастырды. 7 Екі керуб мүсіні Келісім сандығы тұратын орынның үстінен қанаттарын жайып, Келісім сандығының өзін және оны көтеріп алып жүретін сырықтарын жауып тұрды. 8 Сырықтардың ұзын болғаны сонша, олардың ұштары ең қасиетті бөлменің алдынан көрініп тұратын еді. Алайда киелі үйдің сыртынан оларды ешкім көре алмайтын. Сырықтар әлі күнге дейін сонда. 9 Сандықтың ішінде Мұса пайғамбар Хориб тауында салған екі тас тақташа8:9 Мыс 24:7,8; 40:20; Заң 4:13. ғана болды. Жаратқан Ие сол жерде Мысырдан көшіп шыққан исраилдіктермен Келісім жасаған еді.
10 Діни қызметкерлер Жаратқан Иенің киелі үйінен шыққан кезде киелі үй бір қалың бұлтқа кенелді. 11 Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты8:11 (Мыс 40:34-35) Яки: салтанатты ұлылығы. осылайша Жаратқан Иенің киелі үйін кенелтіп жібергендіктен, діни қызметкерлер оның ішіндегі қызметтерін жалғастыра алмай қалды.