Мәсіх Исаның жесір әйелдің қайтыс болған ұлын тірілтуі
11 Біраздан кейін Иса Наин атты қалаға барды. Оған шәкірттері және көп халық еріп жүрді. 12 Иса қала қақпасына жақындаған кезде жұрт біреудің мәйітін қабірге қоюға алып шығып келе жатты. Бұл бір жесір әйелдің жалғыз ұлы екен. Жесірге қаладан көп халық ілесіп шығып келе жатты.
13 Иеміз Иса әйелді көргенде оған жаны ашып: «Жыламаңыз!» — деп жұбатты. 14 Содан Ол жақындап барып, табытқа қолын тигізді. Табыт көтергендер тоқтағанда, Иса: «Балам, саған айтамын, түрегел!» — деді. 15 Сонда өлген жігіт түрегеліп отырып, сөйлей бастады! Иса оны шешесіне табыс етті.
16 Жұрттың бәрін үрей биледі. Олар: «Арамыздан ұлы Пайғамбар шықты!» «Құдай өз халқына игілік істеуге келді!» — деп Құдайды мадақтады. 17 Иса туралы осындай хабар бүкіл Яһудея аймағына және барлық төңірекке тарап кетті.