Мәсіхтің ауруға және өлімге деген үстемдігі
40 Иса көлдің батыс жағына8:40 Яғни Қапарнаум қаласына (Мат 9:1,18; 4:13). қайта оралғанда, халық Оны қарсы алды. Өйткені бәрі Оны күтіп тұрған еді. 41 Кенеттен Жайыр есімді бір ер адам сол жерге келіп, Исаның аяғына жығылды да, үйіне кіруін өтінді. Жайыр мәжілісхананың жетекшісі еді. 42 Ол кісінің он екі жас шамасындағы жалғыз қызы бар еді, сол өлім аузында жатқан болатын. Иса Жайырдың үйіне бара жатқанда, халық Оны жан-жақтан қаумалап қыспақтады.
43 Халықтың арасында он екі жыл бойы қан кетіп ауырып келген бір әйел де бар еді. Ол бар мал-мүлкін дәрігерлерге жұмсағанмен, біреуі де оны емдеп жаза алмады. 44 Әйел Исаның арт жағынан жақындап келіп, Оның шапанының шетіне қолын тигізді. Сол сәтте-ақ қаны тоқтады. 45 Иса:
— Маған қолын тигізген кім? — деп сұрады. Ешкім де мойындамаған соң, Петір мен оның қасындағылар:
— Ұстаз! Халық Сізді қаумалап қыспақтап тұр ғой. Ал Сіз: «Маған қолын тигізген кім?» дейсіз бе?! — деді. 46 Бірақ Иса:
— Біреу Маған қолын тигізді! Өйткені Менен біраз сауықтыру құдіретінің шыққанын сездім, — деп кесіп айтты.
47 Әлгі әйел істеген ісін жасыра алмайтынын білген соң қорыққанынан қалтырап, Исаның қасына келіп, аяғына жығылды. Сосын өзінің қандай себеппен қолын тигізгенін және сол сәтте-ақ қалай сауығып кеткенін бүкіл халықтың алдында айтып берді. 48 Иса оған:
— Қарындас,8:48 Немесе: Қызым. (Осы қаратпа сөзбен Иеміз Иса сол қиналған әйелге деген жанашырлығы мен мейірімділігін білдірді.) сенімің арқылы құтқарылдың. Аман-есен қайта бер, — деді.
49 Иса осыны айтып тұрғанда, мәжілісхана жетекшісінің үйінен біреу келіп, оған:
— Қызыңыздан айырылып қалдық. Енді Ұстазды әурелемей-ақ қойыңыз, — деп хабарлады. 50 Бірақ мұны естіген Иса Жайырға:
— Қорықпа, тек сенімің болсын, сонда қызың аман қалады, — деді.
51 Жайырдың үйіне жеткенде Иса Петір, Жохан, Жақып және қыздың әке-шешесінен басқа ешкімнің үйге кіруіне рұқсат бермеді. 52 Жұрттың бәрі жылап, жоқтау айтып тұрған еді. Ал Иса: «Жыламаңдар, ол өлген жоқ, ұйықтап жатыр», — деді. 53 Қыздың өлгенін білетін олар Исаның айтқанына күлді. 54 Бірақ Ол (солардың бәрін сыртқа шығарды да) қыздың қолынан ұстап тұрып, дауыстап: «Қызым, тұра ғой!» — деді. 55 Сонда қыздың жаны қайтып кіріп, ол дереу орнынан тұрды! Иса: «Оған тамақ беріңдер», — деп бұйырды. 56 Қыздың әке-шешесі қатты қайран қалды. Ал Иса оларға бұл оқиға жайлы ешкімге тіс жармауды ескертті.