21 Алайда мына жайтты есіме аламын,
Соған мен енді үмітімді артамын:
22 Түгелдей құрып кетпегеніміз біздің
Берік рақымынан Жаратқан Иенің,
Өйткені рақымы Оның сарқылмас дәйім,
23 Жаңара береді ол таң атқан сайын.
Уа, Ием, сондай зор Сенің адалдығың!
24 Өзіме: «Жаратқан Ие — үлесім менің,3:24 Яғни Жаратқан Ие әрдайым маған жар әрі шынайы игіліктерімнің көзі болады (Жыр 15:5; 72:25-26).
Сондықтан үмітімді артам Оған!» деймін.
25 Иеміз ізгі Өзіне үміт артқанға,
Шындап Оған бет бұрып сиынатын жанға!
26 Жаратқанның оны құтқарып азат етуін
Сабыр сақтап күткені игі адам үшін.