Құдай тағайындаған Билеуші — Исаның күнәларды кешіру билігі
1 Бірнеше күннен кейін Иса Қапарнаумға қайта оралды. Жұрт Оның сол қаладағы бір үйде екенін естіп-білді. 2 Содан адамдар сол жерге көптеп жиналып, тіпті есік алдында тұратын орын да қалмады. Иса оларға Ізгі хабарды жариялады.
3 Сол кезде төрт кісі сал болып ауырған бір адамды Исаға көтеріп алып келді. 4 Бірақ халықтың көптігінен олар Оған жақындай алмады; сондықтан үйдің сыртқы сатысымен жоғары көтеріліп, жалпақ төбесін ашты.2:4 Лұқ 5:19. Содан олар аурудың жатқан төсенішін арқанмен байлап, оны төменге Исаның алдына түсірді. 5 Иса олардың сенімдерін көріп, сал адамға: «Балам, сенің күнәларың кешірілді!» — деді.
6 Сол жерде отырған бірнеше дін мұғалімдері: 7 «Бұл Кісі неге солай деп Құдайды қорлап тұр? Жалғыз Құдайдан басқа кім күнәларды кешіре алады?» — деп ойланып қалды. 8 Олардың бұл ойларын Иса бірден ұға қойып:2:8 Немесе: бірден рухында ұға қойып (Мат 9:4; Жох 2:24-25).
— Неге солай ойлайсыздар? 9 Сал адамға қайсысын айту оңайырақ: «Сенің күнәларың кешірілді!» деу ме, әлде: «Орныңнан тұрып, төсенішіңді жинап алып, жүре бер!» деу ме? 10 Ал көктен келген Менің жер бетінде күнәларды кешіруге билігімнің бар екендігін2:10 Яки: Ал Құдай тағайындаған Билеушінің («Адам Ұлының») жер бетінде күнәларды кешіруге билігінің бар екендігін (Түсіндірмедегі «Көктен келген Билеушіні» қараңыз). білулеріңіз үшін,.. — деді де, сал адамға қарап: 11 — Саған айтамын: орныңнан тұр да, төсенішіңді жинап алып, үйіңе бар! — деп тапсырды.
12 Ауру адам сол сәтте-ақ сауығып, орнынан тұрды да, төсенішін жинап алып, бәрінің көзінше шығып кетті! Барша жұрт таңғалысып: «Біз ешқашан да мұндайды көрген емеспіз!» — деп, Құдайға мақтау айтты.