3 Ирод патша мұны естігенде қатты абыржып, онымен бірге Иерусалимнің бүкіл халқы да мазасызданды. 4 Патша елдің барлық басты діни қызметкерлері мен дін мұғалімдерін жинап алып, оларға:
— Мәсіх қай жерде дүниеге келуге тиіс? — деген сұрақ қойды. 5 Олар былай деп жауап берді:
— Яһудея аймағындағы Бетлехемде дүниеге келуге тиіс. Себебі (Миха) пайғамбар Құдайдың мына сөздерін жазып қалдырды: 6 «Ал сен, Яһуда жеріндегі Бетлехем, Яһуданың басты қалаларының арасындағы ең маңызсызы емессің: сенен Менің халқым Исраилге басшылық ететін Көсем шығады».2:6 (Мих 5:2) Яки: Исраилді бағатын Көсем шығады. (Ежелде ел басшылары отарын бағып, қамқорлайтын шопанға ұқсатылып бейнеленетін.)
7 Сонда Ирод жат жерлік ғұламаларды астыртын шақыртып алып, жұлдыздың аспанда қашан көрінгені туралы сұрап, біліп алды. 8 «Барып, осы Бала туралы мұқият сұрастырып біліңдер, Оны тапқан соң маған хабарлаңдар! Мен де барып, Оған ізет білдірейін», — деп, оларды Бетлехемге жіберді.