27 Иса сол жерден кетіп бара жатқанда, Оның соңынан екі соқыр кісі ілесіп:
— Дәуіттің Ұрпағы, бізге рақым ете көріңіз! — деп айқайлап жалбарынды. 28 Иса үйге кіргеннен кейін сол екі зағип Оның қасына келді. Иса:
— Менің солай істей алатыныма сенесіңдер ме? — деген сұрақ қойды. Олар:
— Иә, Тақсыр, сенеміз, — деп жауап берді. 29 Сонда Иса:
— Сенімдеріңе сай болсын! — деп, көздеріне саусағын тигізді. 30 Сонда зағиптардың көздері ашылып, көретін болды! Иса оларға: «Байқаңдар, бұл туралы ешкім білмесін!» — деп қатты ескертті.