33 Сонымен исраилдіктер Жаратқан Иенің тауынан шығып, үш күндік жол жүрді. Сол үш күн бойы Келісім сандығы оларға тынығып демалатын орын табу үшін алдарында жүріп отырды. 34 Күндіз қоныстан көшкенде Жаратқан Иенің бұлты олардың үстінде болды. 35 Келісім сандығы көшпен бірге жолға шыққан сайын Мұса былай деп сиынатын:
— Уа, Ием, көтерілші, жауларың шашырасын,
Өзіңді жек көретіндер алдыңнан қашсын!
36 Келісім сандығын көтеріп алып жүргендер тоқтап тыныққан сайын Мұса былай деп өтінетін:
— Уа, Жаратқан Ием, тұрақтай гөр қайта
Исраилдің сан мыңдағандарына!