Қауым: көп мүшеден тұратын біртұтас рухани дене
12 Көптеген мүшелері болса да адамның денесі біреу, әрі мүшелері қаншама көп болғанмен тұтас бір денені құрайды: Мәсіхтің рухани денесімен де дәл солай. 13 Себебі яһуди не басқа ұлттың адамы, құл немесе ерікті болайық, бәріміз бір Киелі Рух арқылы біртұтас рухани денеге енгізілдік.12:13 Немесе: бәріміз шомылдыру рәсімінен өтіп, бір Киелі Рух арқылы біртұтас рухани денеге (яғни сенушілер қауымына) енгізілдік (Мат 3:11; Жох 3:3,5; Елш 1:5; 2:41; Қол 1:18). Барлығымыз да сол бір Киелі Рухқа кенелдік.12:13 Немесе: Барлығымызға да сол бір Киелі Рухтан ішуге берілді (Жох 7:37-39).
14 Дене бір ғана емес, көп мүшелерден тұрады. 15 Егер аяқ: «мен қол еместіктен денеге жатпаймын» десе, ол бәрібір оған жатпай ма? 16 Әлде құлақ: «мен көз еместіктен дененің мүшесі емеспін» десе, ол бәрібір сондай емес пе? 17 Егер бүкіл дене көз болса, онда ол қалай ести алар еді? Яки бүкіл дене есту сезімінен тұрса, қалай иіс сезе алар еді? 18 Іс жүзінде Құдай дене мүшелерінің әрқайсысын Өзінің қалауы бойынша орналастырған. 19 Барлығы бір-ақ мүше болса, дене болмас еді. 20 Шынында көп мүшелері бар, бірақ дене біреу.
21 Сондықтан көз қолға: «Маған керегің жоқ» дей алмайды; бастың да аяққа: «Маған қажетсізсің» деуі мүмкін емес. 22 Керісінше, дененің әлсіздеу болып көрінетін мүшелері өте қажет. 23 Азырақ құрметті деп санаған мүшелерімізді көбірек қамқорлап, 24 көріксіз мүшелерімізді ерекше назармен жауып қоямыз. Ал көріктілеріне соның қажеті де жоқ.
Осылай Құдай денені құрметі аздау мүшелерін көбірек қамқорлайтындай етіп құрастырды. 25 Ондағы мақсаты: денеде жікке бөліну болмай, бүкіл мүшелері өзара бірдей қамқорлық көрсетсін дегені. 26 Сондықтан бір мүше ауырса, бәрі бірге ауырады, бір мүше дәріптелсе, соған барлығы да қуанады.
27 Сонымен сендер бірігіп Мәсіхтің рухани денесі, ал жеке дара оның бір мүшесісіңдер.