Саулдың Ябес қаласын жау қолынан құтқаруы
1 Сол шамада Аммон халқының патшасы Нахаш соғысқа аттанып, Исраилдің Ғилақад аймағындағы Ябес қаласына қарсы әскерін орналастырды. Қала тұрғындары оған:
— Бізбен бітім жасасыңыз, сонда сіздің билігіңізге мойынсұнамыз, — деген өтініш жасады. 2 Ал Нахаш:
— Жарайды, бітім жасасайық. Тек бір шартым бар: әрқайсыларыңның оң көздеріңді ойып аламын. Осылай бүкіл Исраилді масқараламақпын, — деп жауап берді. 3 Сонда Ябес қаласының басшылары:
— Бізге Исраилдің барлық жеріне хабаршыларымызды жіберуге жеті күнге мұрсат беріңіз. Егер бізді құтқаратын ешкім табылмаса, онда алдыңыздан шығамыз, — деді.
4 Хабаршылар Саул тұратын Гибея қаласына да келіп, осы жайтты күллі халыққа айтып берді. Сонда барлығы да дауыстап жылай бастады. 5 Осы кезде Саул өгіздерін айдап, егін даласынан келе жатқан еді. Ол: «Мына халыққа осыншама еңіреп жылайтындай не болған?» — деп сұрады. Жұрт оған ябестіктердің хабарын жеткізді.
6 Саул бұл сөздерді естігенде Құдайдың Рухы оған қонып, бойын қатты ашу кернеді. 7 Ол бір пар өгізді сойып, шауып бөлшектеді. Олардың бөліктерін хабаршыларға үлестіріп берді. Соларды Исраилдің шет-шетіне жұмсап, оларға мына хабарды жар салып жеткізуге бұйырды: «Кімде-кім Саул мен Самуилдің соңынан еріп аттанбаса, соның өгіздерімен де дәл осылай болады!»
Сонда Жаратқан Иенің жіберген қорқынышы бүкіл халықты билеп, барлығы бір адамдай жорыққа аттанды. 8 Саул оларды Безек деген жерде жинап, түгендеп санап шықты. Исраилдің басқа руларынан үш жүз мың, ал Яһуда руынан отыз мың адамның11:8 Немесе: Исраил халқынан үш жүз, ал Яһуда руынан отыз әскери бөлімнің (яки: әулеттің ер адамының). шыққаны белгілі болды.
9 Олар Ғилақадтағы Ябестің халқына келген хабаршылары арқылы: «Ертең күн қыза құтқарыласыңдар!» — деген сәлем жіберді. Хабаршылардың осы сөздерін естіген қала тұрғындары қатты қуанып, 10 аммондықтарға: «Ертең алдыңыздан шығамыз, сонда бізге дұрыс деп тапқандарыңызды істерсіздер», — деген хабар жолдады.
11 Келесі күні Саул жасақшыларын үш топқа бөлді. Таң ата олар аммондық әскердің орналасқан жеріне кенеттен лап қойып, күн қызғанша олардың күл-талқанын шығарды. Тірі қалғандары бас сауғалап, бір-бірден бытырап қашып кетті.
Саулдың патша болуға қайтадан бекітілуі
12 Содан соң халық Самуилге:
— «Бізге патша болатын Саул ма?» деген адамдар қайда? Оларды қолымызға табыстаңыз, көздерін құртайық! — деді. 13 Бірақ Саул:
— Бүгін ешкімді өлтіруге болмайды, себебі осы күні Жаратқан Ие Исраилді құтқарды ғой! — деп қарсы болды. 14 Ал Самуил халыққа былай деп үндеу салды: «Ғылғалға барып, жаңа патшаны қайтадан бекітейік!»
15 Барлығы Ғылғалға барып, сол жерде Жаратқан Иенің алдында Саулды патша етіп бекітті. Олар Жаратқан Иеге арнап ризашылық құрбандықтарын11:15 Мыс 20:24; Леу 7:12-17; 22:18-30. ұсынып, Саул мен барлық исраилдіктер үлкен той жасады.