1 Сондықтан біз одан әрі шыдай алмай, Афиныда жалғыз өзім қалайын деп шештік те, 2 Тімоте бауырымызды сендерге жібердік. Ол — Мәсіхтің Ізгі хабарын тарату жөніндегі Құдайдың қызметшісі. Осы азаптар ешқайсыңды шайқалтпасын деп, Тімоте сендерді жігерлендіріп, сенімдеріңді нығайтпақ. 3 Азап шегу маңдайымызға жазылғандығы өздеріңе мәлім. 4 Қастарыңда жүрген кезімізде «Қуғынға ұшырайтын боламыз» деп алдын ала айттық қой. Міне, сол айтқанымыз келді, оны өздерің білесіңдер. 5 Осыған бола мен одан әрі шыдай алмай Тімотені жіберіп, сенімдерің берік пе, әлде әзәзіл азғырып, бар еңбегіміз зая кетті ме, соны білгім келді.
Тімоте алып келген қуанышты хабар
6 Қазір Тімоте сендерден келіп, сенімдерің мен сүйіспеншіліктерің туралы жақсы хабар әкелді. Сендердің бізді ұдайы жақсылықпен еске алып, көрсек деп сағынып жүргендеріңді айтты; біз де сендерді көрсек дейміз. 7 Қымбатты бауырластар, сенімдеріңді берік ұстап жүр екенсіңдер. Бұл қиналып, қысылып отырған бізге жаңадан жігер берді. 8 Енді рухымыз көтеріліп қалмақ, себебі сендердің Құдаймен байланыстарың тұрақты екен. 9 Бізді өздеріңе қуантып қойған Құдайға қанша алғыс айтсақ та аздық қылады. 10 Күні-түні Одан қайтадан сендермен көрістіріп, сенімдеріңнің жетіспейтін жақтарын толықтыруға мүмкіндік бере гөр деп құлшына өтінеміз.
11 Осылай Құдай Әкеміздің Өзі және Иеміз Иса жолымызды сендерге бұра көрсін. 12 Бір-біріңе және барлық адамдарға деген сүйіспеншіліктеріңді Иеміз біздің өздеріңе деген сүйіспеншілігіміз сияқты өсіріп, арттыра берсін. 13 Осылай Ол көңілдеріңді орнықтыра көрсін. Содан сендер Иеміз Иса Мәсіх күллі қасиеттілерімен көктен түскенде,3:13 Яки: күллі қасиетті періштелерімен көктен түскенде (4:16; Сал2 1:7; Мат 25:31; Яһд 1:14; Аян 19:11-14). Құдай Әкеміздің алдында Оған толықтай бағышталған, мінсіз боласыңдар.