Жаратушының бейшара жесірге ағыл-тегіл май сыйлауы
1 Бірде пайғамбарлардың біреуінің әйелі Елішеге бас ұрып:
— Мырза, менің күйеуім қайтыс болды, оның Жаратқан Иені терең қастерлеп өткенін өзіңіз білесіз. Ал енді, бізге қарыз берген адам екі ұлымды өзіне құл етіп әкетуге келіп отыр, — деді. 2 Еліше одан:
— Сізге қандай көмек көрсетейін? Айтыңызшы, үйіңізде не бар? — деп сұрады. Әйел:
— Үйімде бір құты майымнан басқа түк те жоқ! — деп жауап берді. 3 Еліше:
— Онда көршілеріңізге барып, бос ыдыстарын сұрап алыңыз, тек аз емес, барынша көп сұраңыз. 4 Содан соң ұлдарыңызбен бірге үйіңізге қайтып, есігіңізді ішінен бекітіп алып, майыңызды сол бос ыдыстарға толтырып құйыңыз. Толғандарын бөлек алып қоя беріңіз, — деп тапсырды.
5 Әйел одан шығып, дәл пайғамбардың айтқанындай істеді. Ұлдарының әкеліп беріп отырған ыдыстарына өзінің құтысынан май құя берді. 6 Ыдыстардың барлығы толғанда, әйел бір ұлына: «Тағы бір ыдысты алып келші», — деп тапсырды. Бірақ ол: «Басқа бірде-бір ыдыс жоқ!» — деді. Сонда құтыдан май ақпай тоқтап қалды. 7 Әйел Құдайдың пайғамбарына4:7 Яки: Құдайдың (тағайындаған) адамына (1:9; 4:21). барып, болған жайтты айтып берді. Пайғамбар оған:
— Майыңызды сатып, қарызыңыздан құтылыңыз. Ал қалғанын күнкөрісіңізге жаратыңыз, — деді.