Шунемдік әйелдің кереметпен ұлды болуы
8 Бір күні Еліше пайғамбар Шунемге4:8 Осы қаланың аты Сонам деп те жазылады (Пат1 28:4). барды. Сол қаладағы бір ауқатты әйел Елішеден үйінде қалып тамақ ішуін өтініп, соған көндірді. Бұдан былай Еліше сол жерден өткен сайын әлгі үйден тамақтанатын болды. 9 Әйел күйеуінен: «Осы кісінің Құдайдың қасиетті адамы4:9 Яки: Құдайға ерекше бағышталған адам (4:7; Заң 33:1; Пат3 17:18,24). екенін білдім. Ол біздің қаламыздың үстінен жиі өтеді. 10 Оған үйіміздің жалпақ төбесінде бір шағын бөлме салып, соның ішіне төсек-орын, үстел, орындық және шам қояйықшы. Сонда ол бізге келе қалғанда сол жерде түней алатын болады!» — деп рұқсат сұрап алды.
11 Бір күні Еліше сонда келіп, жоғарғы бөлмеде тынығып жатты. 12 Кейін ол қызметшісі Гехәзиге:4:12 Осы есім Гиезий деп те жазылады. «Әлгі шунемдік әйелді шақыршы», — деп тапсырды. Гехәзи барып шақырғанда, әйел келді. 13 Еліше қызметшісіне былай деді:
— Әйелге мынаны айт: Бізге бола осыншама әбігерге түсіпсіз. Сол үшін сізге қандай жақсылық істей аламыз? Қаласаңыз, сіз туралы патшамен немесе әскер қолбасшысымен сөйлесе аламын. — Әйел:
— Өз жұртымның арасында тұрып (мұқтаждық көрмей) жатырмын, — деп жауап берді. 14 Кейін Еліше қызметшісінен:
— Сонымен оған қандай жақсылық істесек болады? — деп сұрады. Гехәзи:
— Оның ұлы жоқ, ал күйеуі қарт адам! — деді. 15 Сонда пайғамбар:
— Тағы да шақыршы оны, — деді. Әйелді шақырғанда, ол кіреберіске келіп тұрды. 16 Еліше:
— Келесі жылы осы уақытта құшағыңызда ұлыңыз болады, — деді. Сонда әйел:
— Ой, жоқ, мырзам, сіз Құдайдың адамысыз! Алдыңыздағы пендеңізді алдай көрмеңіз, — деп сенбеді. 17 Әйтсе де (Жаратқан Иенің рақымымен)4:17 Жар 21:1; Пат1 1:19; Жыр 112:9. әйел құрсақ көтеріп, келесі жылы сол уақытта Еліше айтқандай босанып, ұл туды.
Ұлдың өлімнен қайта тірілуі
18 Бала едәуір өсіп қалған кезде бір күні астық орушылармен бірге жүрген әкесінің қасына барды. 19 Кенеттен ол әкесіне: «Ойбай, басым! Басым ауырып тұр!» — деп айқайлап қоя берді. Әкесі қызметшісіне: «Оны шешесіне апар!» — деп тапсырды. 20 Ол баланы үйіне апарып, бала шешесінің құшағында түске дейін отырып, қайтыс болды.
21 Сонда шешесі Құдайдың адамының жоғарғы қабаттағы бөлмесіне көтеріліп, ұлын соның төсегіне жатқызды да, есікті жауып, шығып кетті. 22 Әйел күйеуін шақырып алып, одан:
— Мен Құдайдың пайғамбарына тездетіп барып келуім керек. Бір қызметші мен есекті жібере көріңізші! — деп өтінді. 23 Күйеуі одан:
— Неге оған бүгін барғың келе қалды? Бүгін не айдың бірінші күнгі мейрамы, не демалыс күні емес қой? — деп сұрады. Бірақ әйелі оған:
— Уайымдамаңыз, бәрі де жақсы, — деді.
24 Содан әйел есегін ерттеп мінді де, қызметшісіне: «Алға қарай айдап жүре бер, өзім айтқанша тоқтама!» — деп бұйырды. 25 Осылай әйел жолға шығып, Қармил тауында тұрған Құдайдың адамына жетті. Пайғамбар оны алыстан көріп, қызметшісі Гехәзиге: «Анаған қара, шунемдік әйел келе жатыр! 26 Тез жүгіріп, алдынан шық та, одан хал-жағдайын, өзінің, күйеуінің, ұлының амандығын сұрап білші», — деді. Қызметші оның айтқанын істеп, әйел оған: «Аманшылық», — деп жауап берді.
27 Әйел тау беткейіндегі Құдайдың адамының қасына келгенде, жерге жата кетіп, оның аяғынан құшақтай алды. Гехәзи жақындап барып, әйелді итеріп жібермекші болғанда, пайғамбар: «Оған тиме! Зор қайғыдан оның жаны жапа шегіп тұр. Ал Жаратқан Ие соны менен жасырып, айтпады!» — деді.
28 Әйел пайғамбарға: «Мырзам, сізден ұл сыйлаңыз деп сұрап па едім? Мені алдай көрмеңіз деп сізден өтінбеп пе едім?» — деп мұңын шақты.4:28 4:16.29 Сонда Еліше Гехәзиге: «Беліңді буып, менің таяғымды алып, тез жолға шық! Біреумен ұшыраса қалсаң, онымен амандасып жатпа. Біреу өзіңмен амандасып жатса, оған жауап та берме. Дереу балаға жет те, мына таяғымды оның бетіне қой!» — деп бұйырды.
30 Бірақ баланың шешесі пайғамбарға: «Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында, сіздің де алдыңызда шын айтамын: Мен сіздің қасыңыздан кетпеймін!» — деп қоймады. Сонда пайғамбар әйелмен бірге жүретін болды.
31 Гехәзи олардан бұрын жетіп, таяқты баланың бетіне қойды. Бірақ баладан ешқандай дыбыс та естілмеді, әсері де болмады. Сонда қызметші Елішеге қайта оралып: «Бала оянған жоқ», — деді.
32 Үйге келгенде, Еліше өзінің төсегінде өліп қалған баланың жатқанын көрді. 33 Ол бөлмеге кіріп, есікті жауып алды да, Жаратқан Иеге сиынып мінажат етті. 34 Содан соң Еліше төсекке көтеріліп, баланың үстіне оның аузымен аузын, көздерімен көздерін, қолдарымен қолдарын түйістіріп жатты. Осылайша ол үстінде созылып жатқанда, баланың денесі жыли бастады. 35 Еліше қайтадан тұрып, үйдің ішінде олай-бұлай біраз жүріп, төсекке көтеріліп, баланың үстіне қайтадан созылып жатты. Сонда бала жеті рет түшкіріп, көздерін ашты.
36 Пайғамбар Гехәзиді шақырып, шешесін алдыртты. Әйел бөлмеге кіргенде Еліше: «Міне, ұлыңызды алыңыз!» — деді. 37 Әйел бөлмеге кіріп, пайғамбардың аяғына жығылып, жерге дейін иіліп тағзым етті. Содан соң ұлын алып, шығып кетті.