Қолбасшы Нағыманның алапестен сауықтырылуы
1 Арама елінің патшасы өзінің әскер қолбасшысы Нағыманды қатты сыйлап, жоғары бағалайтын. Себебі Жаратқан Ие елге сол арқылы жеңіс сыйлаған еді. Ал Нағыман мықты да батыл жауынгер болса да, алапеспен ауыратын.
2 Арамалықтар басқа елдерге шапқыншылық жасап жүрген кездерінде Исраилден бір жас қызды қолға түсірген болатын. Осы қыз енді Нағыманның әйеліне қызмет етіп жүрді. 3 Бір күні қыз қожайын әйеліне былай деді: «Егер қожайыным Самарияда тұрып жатқан пайғамбармен кездессе ғой, шіркін! Сол оны алапесінен сауықтырып жіберер еді».
4 Мұны естіген Нағыман қыздың сөзін патша иесіне жеткізіп:
— Исраилден әкелінген қыз осылай да осылай деп айтты, — деді. 5 Патшасы:
— Ендеше оған барғаның жөн! Мен Исраилдің патшасына сәлемхат жазып қолыңа берейін, — деп құптады.
Осылайша қолбасшы жолға шығып, өзімен бірге он ат басындай күміс, алты мың мысқал алтын және он киім жиынтығын ала кетті. 6 Солтүстік Исраилдің патшасына арналған хатта: «Осы хатты сізге тапсырған адам — менің жақсы қызметкерім. Оны ауруынан сауықтыруыңызды өтінемін!» деп жазылған еді.
7 Исраилдің патшасы хатты оқығанда, абыржып көйлегінің өңірін айыра жыртып: «Біреуді өлтіріп, қайта тірілтетін мен сонша Құдай ма едім? Ол маған мына адамды алапесінен сауықтыр деп жіберіпті. Шамасы, маған тиісуге бір сылтау іздеп отырса керек», — деді.
8 Құдайдың адамы Еліше Исраил патшасының көйлегінің өңірін жыртқанын естігенде, патшаға мынадай сәлем жіберді: «Неге көйлегіңіздің өңірін жыртып абыржисыз? Сол адамды маған жіберіңіз, Исраилде шынайы пайғамбардың бар екенін білсін!»
9 Сонда Нағыман өзінің салт аттылары, соғыс күймелерімен бірге Еліше тұрған үйдің қақпасының алдына келіп тоқтады. 10 Ал Еліше оған бір хабаршысынан:
— Иордан өзеніне барып, соған жеті рет суға түсіп, шомылыңыз! Сонда тәніңіздегі алапесіңіз кетіп, құлан-таза айығасыз, — деді.
11 Нағыман бұған қатты ашуланып қайтып кетпек болып:
— Бұл қалай?! Ол алдымнан шығып, өзінің Құдайы Жаратқан Иеге сиынар, алапес болған жердің үстінен қолын әрі-бері жүргізіп, алапесімді жазар деп ойлаған едім. 12 Біздің Дамаск маңындағы өзендеріміз Абана мен Парпар Исраилдің барлық суларынан да артық емес пе? Шомылу керек болса, соларға барып-ақ шомыла алмас па едім? — деді. Осылай ол ашулы күйі кері бұрылып, кетуге ыңғайланды.
13 Ал қызметшілері жақындап келіп: «Мырзам, егер сол пайғамбар сізге бір қиын істі тапсырса, сіз оны орындамас па едіңіз? Ал жай ғана «Барып, суға түсіп шомылыңыз, сонда айығасыз» деп айтса, соны істеп көргеніңіз әбден орынды емес пе?» — деп ұсыныс жасады. 14 Қолбасшы олардың кеңесіне құлақ асып, Құдайдың пайғамбарының айтқаны бойынша Иордан өзеніне ылдилап барып, жеті рет суға түсіп, шомылды. Сонда оның тәні сәбидің тәні іспетті тап-таза болып айығып кетті.