Балта басының су бетіне қалқып шығуы
1 Пайғамбардың шәкірттері Елішеге:
— Сіздің қол астыңызда тұрып жатқан осы жер біз үшін тым тар. 2 Бізге Иордан өзеніне барып, сол жерден әрқайсымыз бір-бірден бөрене алып, сонда өзімізге тұратын орын салып алуымызға рұқсат етіңізші! — деді. Ол:
— Бара беріңдер, — деп құптады. 3 Олардың бірі:
— Мырзеке, бізбен бірге жүрсеңізші! — деп өтінді. Ол:
— Жарайды, барайын, — деп келісіп, 4 бұлармен бірге жолға шықты. Олар Иорданға жеткеннен кейін ағаш шауып, құлата бастады. 5 Ал біреуі ағаш шауып жатқан кезде балтасының басы ұшып барып, суға түсіп, батып кетті. Сонда анау:
— Қап, әттеген-ай, мырзеке! Ол біреудің уақытша сұрап алған балтасы еді! — деп айқайлады. 6 Құдайдың адамы:
— Ол қай тұсқа түсті? — деп сұрады. Әлгі адам сол жерді сілтеп көрсеткенде, Еліше бір таяқшаны кесіп алып, сол жерге лақтырып жіберді. Сонда балтаның басы су бетіне қалқып шыға келді. 7 Еліше адамға: «Оны өзің ұстап ал!» — деді. Ол қолын созып, балтаның басын судан шығарып алды.