20 Мардохай осы болған оқиғаларды жазып қойып, Ахасуер патшаның бүкіл алыс-жақын аймақтарындағы яһудилердің бәріне хат жолдады. 21 Оларды жыл сайын адар айының он төртінші және он бесінші күндерін мейрамдауға шақырды. 22 Себебі осы күндері яһудилер жауларынан құтқарылды. Сол айда уайымдары қуанышқа, қайғылары тойға айналған еді. Мардохай: «Осы күндер шаттана тойлап, бір-біріне сыйлық жіберіп, кедейлерге тартулар беретін күндер болсын!» — деп белгіледі. 23 Сондықтан яһудилер өздері істей бастағандарын және Мардохайдың оларға жазғанын дәстүр етіп алды.
24 Барлық яһудилердің қас жауы — Агагтың ұрпағы Амадат ұлы Хаман оларды құртуға жоспар жасаған еді. Оларды жойып, көздерін құрту үшін «пур», яғни жеребе, тастаған болатын.9:24 3:7.25 Бірақ алдына Естер келген кезде патша: «Хаманның яһудилерге қарсы жасаған зұлым жоспары оның өз басына түссін және өзі ұлдарымен қоса дарға асылсын!» — деп жазбаша жарлық шығарған еді. 26 Жоғарыдағы «пур» сөзінен осы мейрам «Пурим» деп аталып келеді. Мардохайдың хатында жазғанына сәйкес және өздерінің көздерімен көріп, бастарынан өткендері бойынша, 27 яһудилер осы екі күнді мейрам етуге шешім қабылдады. Олар мұны дәл нұсқауға сай әрі белгіленген уақытта жыл сайын міндетті түрде іске асыруға келісті. Оны өздеріне, кейінгі ұрпақтарына және Яһуда халқына қосылғандардың9:27 8:17. бәріне де тұрақты дәстүр етіп бекітті. 28 Күллі келер ұрпақ осы күндерді әрбір отбасында, әрбір аймақта, әрбір елді мекенде естен шығармай, мейрамдауы қажет. Яһудилер Пурим мейрамынан ешқашан бас тартпаулары керек. Олардың үрім-бұтақтары да сол күндерді мерекелеп өткізуді ұмыт қалдырмауға міндетті.
29 Әбихаил қызы Естер патшайым және яһуди (бас уәзір) Мардохай Пурим мейрамы туралы осы екінші хатты жаздырып, оны өздерінің бар биліктерімен бекітті. 30 Мардохай Ахасуер патшаның барлық жүз жиырма жеті аймағындағы яһудилерге тыныштық пен аман-есендік тілеген сәлемхаттарын жіберді. 31 Сол хаттарда Пурим мерекесін белгілі бір уақытта өткізу керектігі яһуди (бас уәзір) Мардохай мен патшайым Естердің нұсқаулары бойынша нық бекітілді. Яһуда халқы, сондай-ақ, өздері мен келер ұрпақтары үшін мейрамның алдында ораза ұстап қайғыру жайлы дәстүрді де орындауға шешім қабылдады.9:31 4:3,16; Жүн 3:5-6; Нех 1:4.32 Осылайша Естер патшайымның бұйрығымен Пурим мейрамы туралы ережелер белгіленіп, кітапқа жазылып, сақталып қойылды.