Кішіпейілділіктің үлгісі
1 Құтқарылу мейрамының қарсаңы еді. Иса Өзінің бұ дүниеден кетіп, Әкесіне баратын күнінің жақындап қалғанын білді. Бұ дүниедегі өз адамдарын өте жақсы көргендіктен, Иса оларға деген сүйіспеншілігін ақырына дейін ісімен де толық көрсетті.
2 Иса шәкірттерімен бірге кешкі асқа отырды. Бұған дейін әзәзіл шайтан Шимон Исқариоттың ұлы Яһуданың жүрегіне Исаға опасыздық жасау ойын ұялатып қойған еді.13:2 12:4-6; 13:27.3 Бірақ Иса Әкесінің бүкіл билікті өз қолына беріп қойғанын, сондай-ақ, Өзінің Құдайдан келіп, Оған тағы қайтып баратынын да білді. 4 Содан Иса дастарқан басынан тұрып, сырт киімін шешті де, беліне алжапқыш байлады. 5 Бұдан кейін Ол шылапшынға су құйып, шәкірттерінің аяқтарын жуып, беліне байлаған алжапқышпен құрғатып сүрте бастады.
6 Иса Шимон Петірдің қасына келгенде, ол:
— Ием, Сіз аяғымды жуайын деп жатырсыз ба? — деп сұрады. 7 Иса оған:
— Не істеп тұрғанымды сен қазір емес, кейінірек түсінесің, — деді. 8 Петір:
— Мен Сізге аяғымды еш уақытта жуғызбаймын, — деп қарсылық білдірді. Иса:
— Егер сені жумасам, онда Менімен тығыз қатынаста бола алмайсың,13:8 Жыр 50:3-4,8-9,12-13; Езк 36:25; Евр 10:22. — деп жауап берді. 9 Сонда Шимон Петір:
— Ием, олай болса, аяғымды ғана емес, қолым мен басымды да жуыңыз! — деп өтінді. Иса астарлап:
10 — Шомылған кісі тап-таза, оның аяғын ғана жуу керек.13:10 Яғни күнәсінен түпкілікті арылған адамның бұдан кейін жасаған күнәлары үшін ғана кешірім сұрауы қажет (Жох1 1:8; 2:1-2). Сендер де тазасыңдар, бірақ бәрің емес, — деді. 11 Ол Өзіне кімнің опасыздық жасайтынын білді, сондықтан «бірақ бәрің емес» деп қосты.
12 Шәкірттерінің аяғын жуып, сырт киімін киіп, орнына отырғаннан кейін Иса:
— Сендерге не істегенімді түсінесіңдер ме? — деген сұрақ қойды. — 13 Маған «Ұстаз», «Ием» дейсіңдер. Осылай атағандарың дұрыс, себебі Мен Солмын. 14 Ал егер Мен Иелерің және Ұстаздарың бола тұра, аяқтарыңды жусам, сендер де бір-біріңе сондай қызмет көрсетуге тиіссіңдер! 15,16 Сендерге өте маңызды шындықты айтып тұрмын: қызметшінің жолы қожайынынан үлкен емес, елшінің жолы да өзін жібергендікінен үлкен емес. Мен сендерге қалай қызмет етсем, сендер де солай етсін деп үлгі көрсеттім. 17 Мұны біліп, осылай іс-әрекет етсеңдер, бақытты боласыңдар!