Pular para o conteúdo
Publicidade

Жохан 21

Мәсіхтің шәкірттерімен көл жағасында кездесуі

1 Бұдан кейін Иса Тіберия көлінің жағасында21:1 Яки: Ғалилея көлінің жағасында (6:1). тағы бір рет шәкірттеріне көрінді. Бұл былай болған еді: 2 Шимон Петір, Сыңарлас Тома, Ғалилеядағы Қана қаласынан шыққан Натанайыл, Зебедейдің ұлдары21:2 Яғни Жохан мен Жақып (Мат 4:21). және Исаның тағы басқа екі шәкірті бәрі бірге болды. 3 Сонда Петір серіктеріне:

— Мен балық аулауға бара жатырмын, — деді.

— Біз де барайық, — деді олар. Содан барлығы сыртқа шығып, қайыққа мінді. Алайда сол түні олар түк те ұстай алған жоқ.

4 Таң сәріде Иса жағада тұрды, бірақ шәкірттері Оның Сол екенін білмеді. 5 Иса оларға:

— Жігіттер, балықтарың бар ма? — деп үн қатты. Олар:

— Жоқ, — деп жауап берді.

6 — Ауды қайықтың оң жағынан салыңдар, сонда біразын ұстайсыңдар, — деді Иса. Олар ауын тастаған соң, түскен балықтың көптігінен оны тартып шығара алмады. 7 Сол кезде Исаның жақсы көретін шәкірті21:7 Яғни Жохан (20:2; 21:20). Петірге: «Бұл — Иеміз ғой!» — деді.

«Бұл — Иеміз ғой!» дегенді естігенде, сырт киімсіз жүрген Шимон Петір көйлегін буып алып, суға секірді. 8 Басқа шәкірттер де қайықпен жағаға беттеді, олар жағалаудан алыс емес, жүз метрдей жерде жүрген еді. Бұлар балыққа толы ауды сүйретіп келді. 9 Жағалауға шыққан олар күйген ағашпен жағылған отты, оның үстіндегі балық пен нанды көрді.

10 Иса оларға: «Қазір ұстаған балықтарыңнан әкеліңдер!» — деді. 11 Петір суға түсіп, үлкен-үлкен балыққа толы ауды жағалауға сүйреп шығарды, бір жүз елу үш балық бар екен. Балық сонша көп болса да, ау жыртылмапты. 12 Иса оларды: «Енді келіп, тамақтаныңдар!» — деп шақырды. Шәкірттердің ешқайсысының: «Кімсіз?» — деп сұрауға батылы бармады. Себебі олар Оның Иеміз екенін білді. 13 Иса келіп, нан алып, бұларға үлестіріп, балықтан да берді. 14 Бұл Исаның өлімнен қайта тірілгеннен кейінгі үшінші рет шәкірттеріне көрінуі еді.

Мәсіхтің Петірге арнаған тапсырмасы

15 Олар тамақтанып алғаннан кейін, Иса Шимон Петірден:

— Жохан ұлы Шимон, сен Мені мыналарға қарағанда көбірек сүйесің бе? — деп сұрады.

— Иә, Ием, Сізді жақсы көретінімді білесіз ғой.

— Тоқты-қозыларымды бақ!21:15 Яки: Тоқты-қозыларын қорыған қойшыдай, Менің жолыма түскендерді қарап жүр! (10:14-15,27-28)

16 Иса екінші рет:

— Жохан ұлы Шимон, сен Мені сүйесің бе? — деп сұрады.

— Иә, Ием, Сізді жақсы көретінімді білесіз ғой. — Иса оған:

— Қойларымды бағып жүр!21:16 Яки: Қойларын қорыған шопандай, Менің жолымды қуғандарды қарап жүр! (21:17; Пет1 5:2-3) — деп тапсырды.

17 Иса үшінші рет:

— Жохан ұлы Шимон, сен Мені жақсы көресің бе? — деп сұрады.

Иса: «Сен Мені жақсы көресің бе?» деп үшінші рет сұрағандықтан Петір мұңайып:

— Ием, Сіз бәрін де білесіз, Сізді жақсы көретінімді де білесіз, — деді. Иса оған:

— Қойларыма қарап жүр! 18 Саған өте маңызды шындықты айтамын: жас кезіңде сен беліңді өзің байлап, қалаған жағыңа бардың. Ал қартайғанда қолыңды созып тұрасың,21:18 Алғашқы кездегі сенушілер мұны Петір болашақта айқышқа шегеленіп шейіт болады деген пайғамбарлық сөз деп дұрыс түсінді. сонда басқа біреу беліңді байлап, барғың келмеген жаққа еріксіз ертіп кететін болады, — деді.

19 Иса мұны Петірдің кейінірек қандай ажалмен өлетінін алдын ала білдіру үшін айтты. Сол өлімі арқылы ол Құдайдың ұлылығын паш ететін болды.21:19 Мат 16:24; Пет1 4:12-14; Пет2 1:14. Иса осыдан кейін оған: «Мен жүріп өткен жолмен жүр!»21:19 Немесе: Менің соңымнан ілес! — деп тапсырды.

20 Петір артына бұрылып, Исаның жақсы көретін шәкіртінің ілесіп келе жатқанын көрді. Ол кешкі ас кезінде Исаның қасында жантайып жатып: «Мырза, Сізге опасыздық жасайтын сол адам кім?» — деп сұраған шәкірт еді.21:20 Яғни Жохан (13:21-25).21 Петір сол шәкіртті көргенде Исаға:

— Ием, ал мынау ше? — деді. 22 Иса:

— Қаласам, Мен қайтып келгенше ол осында болады, онда сенің не шаруаң бар? Өзің Мен жүріп өткен жолмен жүр! — деп жауап берді.

23 Бұдан кейін бауырластар21:23 Яғни Мәсіх Исаға сенушілер (20:17; Елш 9:30). арасында «сол шәкірт өлмейді» деген сөз тарады. Бірақ Иса Петірге «өлмейді» деп айтқан жоқ. «Қаласам, Мен қайтып келгенше ол осында болады, онда сенің не шаруаң бар?» деген еді.

Соңғы сөз

24 Осының бәріне куә болып, барлығын жазып қалдырған — әлгі шәкірт. Біз оның куәлігінің шынайы екенін білеміз.21:24 Бұл мәліметті Ефес қаласындағы қауым жетекшілері қосқан болса керек (Жазба туралы мәліметті қараңыз). Әлгі шәкірт: Жохан (21:20).

25 Исаның істеп кеткен көптеген басқа да істері бар. Олар туралы толықтай жазса, жазылуға тиісті кітаптар, менің ойымша, бұл дүниеге сыймас еді. (Аумин)

Estes versículos te tocaram? Ore agora!

+581 estão orando agora.

Junte-se à corrente de oração.

Veja também