Қатты дауыл
22 Бір күні Иса шәкірттерін ертіп қайыққа мініп: «Көлдің арғы бетіне8:22 Яғни көлдің оңтүстік-шығыс жағына (8:26). өтейік», — деді. Осылай олар жағадан аттанды. 23 Олар көлден өтіп бара жатқанда, Иса ұйықтап қалды. Сол кезде тау жақтан қатты дауыл көтеріліп, көлге соқты. Қайық толқынның астында қалып, суға тола бастады. Оларға зор қауіп төнді. 24 Шәкірттері Исаға жақындап, Оны оятып:
— Ұстаз! Ұстаз! Құритын болдық! — деп айқайлады. Иса орнынан тұрып, жел мен толқындардың долдануына тыйым салды. Олар басылып, тыныштық орнады. 25 Иса шәкірттеріне:
— Сенімдерің қайда? — деді. Олар үрейленіп, аң-таң болып, біріне-бірі: «Тіпті жел мен суға да бұйрық беретін Бұл кім Өзі? Олар Оған бағынады ғой!» — десті.
Ғадарадағы жындар қинаған кісінің олардан босатылуы
26 Осылай Иса мен шәкірттері көлден өтіп, Ғалилея аймағының қарсы бетіндегі Ғадара8:26 Немесе: Гераса. (Ғадара мен Гераса көлдің оңтүстік-шығыс жағында орналасқан қалалар болатын.) өңіріне жетті.