Күмәнданған Томаның Мәсіхті көріп, Оның тірілгеніне сенуі
24 Исаның он екі шәкіртінің бірі, Сыңарлас деп те аталған Тома, Иса оларға келген кезде араларында жоқ еді. 25 Басқа шәкірттер оған:
— Біз Иемізді көрдік, — дегенде, Тома:
— Мен Оның қолдарынан шегелердің орнын көрмесем, саусағыммен шегелердің орнын сипап, бүйіріндегі тыртығын қолыммен ұстамасам, Оның тірілгеніне еш сенбеймін, — деп жауап берді.
26 Бір аптадан кейін Исаның шәкірттері тағы сол үйге жиналды, олармен бірге Тома да болды. Есік бекітілген еді, бірақ Иса кіріп келіп, орталарына тұра қалды да:
— Сендерге амандық пен тыныштық болсын! — деді. 27 Содан кейін Томаға: — Менің қолыма саусақтарыңды тигізіп қара, алақаныңды бүйіріме қой және сенімсіз болмай, сенетін бол! — деді. 28 Тома Оған:
— Ием менің, Құдайым менің! — деп мойынсұнды. 29 Иса:
— Тома, сен Мені көргендіктен Маған сеніп тұрсың. Ал Мені көрмесе де сенетіндер бақытты!20:29 Яки: сенетіндерді Құдай жарылқайды (Мат 5:3; 13:16; 16:17). — деп жауап берді.