Құтқарушы Құдай мадақталсын!
1 (Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын Дәуіттің жыры.)
«Егер де Жаратқан жар болмағанда, —
Деп Исраил мойындасын әр уақытта, —
2 Егер де Жаратқан жар болмағанда,
Адамдар бізге шабуыл жасағанда,
3 Бізге қарсы қаһары жалындағанда,
Олар бізді тірідей жұтар еді,
4 Су ағымындай басып тастар еді,
Тасқын судай бізді тұншықтырар еді,
5 Буырқанған судай басып өтер еді».
6 Олардың тістеріне бізді қимаған
Жаратқан Ие мадақталсын әрқашан!
7 Аңшының торынан құтылған құстаймыз:
Тор жыртылды, енді міне, біз азатпыз!
8 Біз қолдау күтетін бірден-бір есіміміз —
Көк пен жерді жаратқан Тәңір Иеміз!