Жаратқан Иенің берік рақымын мадақтау
1 (Дәуіттің жыры.)
Шын жүректен, уа, Ием, Сені дәріптеймін,
Періштелер137:1 Немесе: «Тәңірлер» (Яки: өздерін «тәңір» деп есептейтін билеушілер: Жар 6:2). алдында әндетемін.
2 Киелі үйіңе қарай иілемін,
Берік рақымың мен адалдығың үшін
Сенің атыңа шүкіршілік етемін,
Өйткені дүниеде бар нәрселерден
Атың мен сөзіңді137:2 Яки: уәдеңді. жоғары қойдың Сен.
3 Мінажат еткенімде жауап бердің,
Жігер беріп, жанымды берік еттің.
4 Уа, Ием, естігенде аузыңнан шыққан сөзіңді
Жердің бар патшалары мадақтасын Өзіңді,
5 Олар әнге салсын Жаратқанның жолдарын,
Өйткені шексіз зор — ұлылығы Оның!
6 Жаратқан Ие бәрінен де жоғары,
Ал кішіпейілге Ол назар аударады,
Тәкаппар адамды да алыстан ұғады.
7 Жүрсем де қақ ортасында қиын жағдайдың,
Уа, Ием, жанымды аман сақтайсың,
Кәрлі жауларыма қарсы қол жұмсайсың,
Мені құдіретіңмен қолдап-қорғайсың.
8 Осыны істейді мен үшін Жаратқан,137:8 Яки: Жаратқан маған деген ниетін орындайды (56:3).
Рақымың, уа, Ием, ұласады әрқашан,
Бас тартпа бізден, өз жаратылысыңнан.