Бейшараның Құдайдан сауықтырып, қолдауын сұрауы
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, сегіз ішекті жетігеннің сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің жыры.)
2 Уа, Ием, маған ызаланып сөге көрме,
Қаһарланып мені жазалай көрме.
3 Әлсізбін, о, Ием, рақымды бола гөр,
Дірілдеген денемді сауықтыра гөр.
4 Жан дүнием қатты арпалысады,
Жол бересің, уа, Ием, бұған қашанғы?
5 Я, Ием, қайтып, жанымды құтқара гөр,
Берік рақымыңмен аман сақтай гөр.
6 Өлгендер Сені естеріне алмас,
Көрдегілер Сені мадақтамас.
7 Күрсіне ыңқылдап қатты шаршаймын,
Түні бойы зар еңіреп жылаймын,
Төсегімді көз жасыммен дымқылдаймын.
8 Осы қайғымнан көзім солып қалды,
Көп жауыма бола көруден қалды.
9 Аулақ менен, бар зұлымдық жасайтындар!
Ием құлақ түрді жылаған даусыма,
10 Жаратқан естіді жалынышымды,
Иә, Ием қабылдайды мінажатымды.
11 Бар жауым үрейленіп масқаралансын,
Кенеттен кері қайтып, қарабет болсын.