Құдіреті шексіз Құдайды ән-күймен мадақтау
1 Лайым мадақтаңдар Жаратқан Иені!
Құдайымызды ән-жырмен мадақтау игі,
Бұл қандай ұнамды да жарасымды!
2 Иеміз Иерусалимді қайта салар,
Исраилдің айдалғандарын қайтарар,
3 Жаралы жүректерді сауықтырар,
Қайғы-қасіреттерін Ол жұбатар.
4 Иеміз жұлдыздардың санын белгілеген,
Ол барлығына да өз аттарын берген.
5 Жаратқан Ие ұлы әрі тым қуатты,
Шексіз мол Оның ақыл-парасаты.
6 Иеміз қорланған жанды жоғарылатады,
Ал зұлымдарды Ол жерге құлатады.
7 Жаратқан Иеге шүкірлік әнін айтыңдар,
Құдайымызға жетігенмен күй тартыңдар!
8 Жаратқан аспанды бұлттармен жабады,
Жер бетіне жаңбырды жаудырады,
Тау-төбені көк шөппен жамылдырады.
9 Осылай азық өсіреді мал мен аңдарға,
Қарғаның шақырған балапандарына да.
10 Тұлпардың күшіне Жаратқан қарамайды,
Жігіттің жүйріктігінен рақат таппайды,
11 Қайта, риза болады Жаратқан Ие
Өзін қастерлеп, рақымына үміт еткенге.