Құдайдан бар халықтарды жарылқауын сұрау
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ішекті аспаптардың сүйемелдеуімен айтылатын жыр әрі ән.)
2 Я, Құдай, рақымды болып, жарылқай гөр,
Бет-жүзіңнің нұрын бізге түсіре гөр.
3 Бүкіл жер бетінде Сенің жолың мәлім болсын,
Барлық халықтарға құтқаруың аян болсын!
4 Уа, Құдай, халықтар Сені мадақтай берсін,
Күллі ұлттар Өзіңе мақтау айта берсін!
5 Рулар қуана-қуана ән шырқай берсін,
Себебі Сен ұлттарды әділдікпен билейсің,
Жер бетіндегі руларға дұрыс бағыт сілтейсің.
6 Уа, Құдай, халықтар Сені мадақтай берсін,
Күллі ұлттар Өзіңе мақтау айта берсін!
7 Сонда жердің топырағы бізге өнімін сыйлар,
Һәм Құдай, сиынған Құдайымыз, бізді жарылқар.
8 Лайым Құдай бізді жарылқай берсін,
Бар жердегі адамдар Оны қастерлесін!