Құдайдан зұлым жаулардан құтқаруды сұрау
1 (Дәуіттің жыры.)
Саған сиынамын, уа, Жаратқан Ием,
Жартастай берік қорғанымсың Сен,
Бас тарта көрме маған жауап беруден.
Егер де тіл қатып жауап бермесең,
Қабірге түскендерге ұқсаймын мен.
2 Киелі үйіңе қарай қол көтеріп
Жалбарынсам Сенен қолдау тілеп,
Менің даусыма құлақ түре көрші.
3 Қылмыс жасайтын зұлымдармен бірге
Маған өлімді бұйыра көрмеші.
Басқалармен солар жылы сөйлескенмен,
Олардың жүректері арамза әбден.
4 Соларға жасаған қылмыстарына сай,
Істеген зұлым істеріне қарай
Тиісті жазаларын тартқыза гөр,
Лайықты қарымтасын қайтара гөр.
5 Иеміздің істерін олар елемейді,
Оның жаратқандарын құрметтемейді,
Сондықтан Ол соларды талқандайды,
Енді қайтып оларды көтермейді.
6 Жаратқан Ие мақталсын әрқашан!
Құлақ асты Ол даусыма жалынған.
7 Ием — күш-қуатым, қалқандай қорғаным,
Шын жүректен Оған сенім артамын.
Ол мені қолдады, қатты қуанады жүрегім,
Иеме ән салып Оны дәріптеймін.
8 Жаратқан Ие — күш-қуаты өз халқының,
Әрі Өзі тағайындаған патшасының
Берік қорғаны аман-есен сақтайтын.
9 Уа, Жаратқан, халқыңды құтқара гөр,
Меншікті қауымыңды жарылқай гөр,
Бағушысы болып мәңгі көтере бер.27:9 22:1; Заң 1:31; Иш 40:11; 46:3.