Pular para o conteúdo
Publicidade

Забур жырлары 56

Құдайдан дұшпандардан құтқаруын сұраған мінажат

1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Құрта көрме» әуенімен айтылатын Дәуіттің мінажаты. Ол Дәуіттің Саулдан қашып, таудағы үңгірді паналағанына56:1 Пат1 22:1; 24:3. арналған.)

2 Мейірленіп, Құдай, рақым етші маған,

Өйткені үмітімді артамын Саған,

Пәле-жала өткенше бас сауғалайын,

Қанатыңның аясын паналайын.

3 Сиынып тұрамын Алла Тағалаға,

Маған игілік жасаушы Құдайға.56:3 Яки: Маған деген ниетін орындаушы Құдайға (137:8).

4 Ол көктен көмек жолдап аман сақтайды,

Мені өкшелеп қудалағанды қорлайды.

Иә, Құдай рақымы мен шындығын сыйлайды.

5 Айналам толы жыртқыш арыстандай,

Сол сұмдардың тілдері өткір қылыштай,

Тістері де үшкір жебе мен найзадай.

6 Уа, Құдай, көктен жоғары атың шықсын,

Күллі әлемде Сенің даңқың артсын!

7 Дұшпандарым маған арнап тор құрды,

Сондықтан еңсем түсіп, көңілім қалды.

Жолыма олар тұзақ құрып, ор қазды,

Алайда сол орға өздері құлады.

8 Уа, Құдай, жүрегім Саған сенімді,

Өзіңе арнаймын мен ән-күйімді.

9 Жан дүнием, ояншы, сергек болайын,

Жетіген мен домбыра, болыңдар дайын,

Ән-жырыммен атар таңды оятайын.

10 Уа, Ием, жұрт алдында Сені мадақтаймын,

Ұлттар арасында мақтап жырлаймын.

11 Себебі берік рақымың заңғар аспандай,

Әрі сенімділігің56:11 Яки: ақиқатың. асқар бұлттардай.

12 Уа, Құдай, көктен жоғары атың шықсын,

Күллі әлемде Сенің даңқың артсын!

Estes versículos te tocaram? Ore agora!

+581 estão orando agora.

Junte-se à corrente de oração.

Veja também