Әділ жанның Жаратушыдан қолдау сұрауы
1 (Дәуіттің жыры.)
Төрелік айтып мені ақташы Өзің,
Уа, Жаратқан Ием, адал жүріп келемін,
Саған сенім артып еш күдіктенбеймін.
2 Тексер мені, уа, Жаратқан, байқап көр,
Жүрегім мен ой-санамды сынап көр.25:2 Яки: Бүйрегім (ішкі дүнием) мен жүрегімді «балқытып» сынап көр. (Ежелгі зергерлер металды көрікте балқытып, сапасын тексерген.)
3 Өйткені көз алдымда мейірімің, Сенің
Ақиқат жолыңмен жүріп келемін,
4 Өтірікшілермен бірге отырмаймын,
Зымияндармен де бірге жүрмеймін.
5 Арамзалар жиынын еш жаратпаймын,
Зұлымдармен ешқашан отырмаймын.
6 Қол жуып адалдығымды білдіремін,25:6 Таза қол адалдықтың сыртқы белгісі болатын (23:4).
Құрбандық үстеліңді айналып жүремін,
7 Уа, Ием, мадақтап Сені әндетемін,
Керемет істеріңді паш етемін.25:7 Исраилдіктер құрбандық үстелінде құрбандықтар мен сый-тартулар ұсынғаннан кейін жиналған жамағаттың алдында Жаратқан Иені рақымы мен жарылқауы үшін мадақтайтын (42:4).
8 Сен тұратын қасиетті үйіңді,
Ұлылығың мекендейтін орынды25:8 Яки: Сенің нұрлы салтанатпен мекендейтін (жер бетіндегі) тұрағыңды (Мыс 29:43; 40:34-35; Шеж2 6:18-19; 7:1-2).
Сондай сүйемін, уа, Жаратқан Ие.
9 Күнәкарлармен бірге жанымды алма,
Қанішерлермен бірге өмірімді құртпа.
10 Арам қылықтары қолдарын былғайды,
Пара алып, беруден олар бас тартпайды.25:10 Яки: Олардың оң қолдары параға толы.
11 Бірақ мен кінәратсыз таза жүремін,
Құтқаршы мені рақымыңмен Өзіңнің.
12 Тегіс жерде табан басып нық тұрамын,
Жиындарда Жаратқанға мақтау айтамын.